Жарайсың, Гена! Мұхамеджан Тазабек Геннадий Головкиннің азаматтығы мен бойындағы жақсы қасиеттерін айтып тамсанды.
“Көп адам жайлы көк жәшіктегі келбет-кескініне қарап кесіп-пішіп пікір айтатын боп кеттік қой. Онымыздың дұрыс еместігі – екібастан. Бірақ ақпарат тасқыны бет қаратпайтын борандай ойлантпай тұрған жоқ па?! Ол енді бұйдасы бөлек сөз. Қайырып айналып бір соғармыз.
Телехикаяның тұрақты кейіпкеріндей ет жақын боп кеткен Геннадий Головкинмен өткен аптада екі күн еркін пікір алмасып, қысылмай әңгіме-дүкен құрдық. Айналдырған алты қазақтың аздап қолпаш алақанын соққанға бөркі қазандай боп шыға келетін біздің балалардай емес, Трамппен суретке түсіп, миллиондарды кешіп жүргеніне қарамай тым қарапайым. Және сауатты – пайымдау парадигмалары да парасаттың үстіне құрылғандай. Өмірлік мақсат фокустары да айқын. Сөйлесең – тыңдай біледі, сөйлесе – ұйыта алады. Сұрасаң – ерінбей түсіндіруге тырысады.
Жұдырығынан басқа дымы жоқ дымбілмес емес. Біздің бойымызда болу қажет, бірақ толық оянбай жатқан қасиеттерді осы азаматтан көргендей болдым. Қазақтың шапанын Николас Кейджке де кигіздік қой, бірақ екі күндік жүздесулерден кейін біздің ұлттық киім Головкиннің болмысымен астасып жатқандай әсер тастап кетті…